Тал бесік

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжар қаласындағы облыстық өлкетану музейінде өте көне бесік тұр. Оған «Оралман бесік» деген ат қойылыпты. Кәдімгі боз талдан иіп жасаған қарапайым ғана бұйым. Тым ескі дүние екені бірден көзге шалынады. Бесіктің қақтап иіп жасаған басы мен аяғы, арқалығы, жіңішке шабақтары, белдік ағаштарының ескіргені соншалық әбден ақбозданып, дымы семіп, ағашы қатып кеткен. Арқалығын ыстық темірмен қари-қари сау тамтығы қалмаған. Оның себебін бесікке әр сәбиді бөлемес бұрын бір рет ыстық істікпен қаритын Алтай қазақтарының ырымынан іздеген дұрыс сияқты.

Хош сонымен, қуарып ақ сүйекке айналған бұл бесік не себептен облыстық өлкетану музейіне орналасқан? Соған аз-кем тоқталайық. Бесікті музей 2001 жылы қабылдап алыпты. Ақы иесі – Мүсілім Мұхамәдиұлы деген 1917 жылы туған ақсақал екен. 1992 жылы әулетімен бірге Монғол елінен көшіп келіпті. Бесік туралы анықтамада «1897 жылы жасалған» деп жазылыпты. Музей қызметкерлері бұл бұйымды тек көненің көзі ретінде ғана сақтап отырғаны болмаса, арғы-бергі тарихына назар аудара қоймапты. Білмейтін болып шықты. Ғұмыры 110 жылдан асып бара жатқан жәдігердің тарихы жайында ел-жұрттан сұрастыра бастадық. Бесік туралы ел ішінде ертегіге бергісіз нелер әңгімелер бар екен. Тіпті бір парасын көзі қарақты азаматтар арнайы іздеп барып, білетін адамдардың аузынан хатқа түсіріпте алыпты. Соның бірі жазушы-журналис Абай Мауқараұлы дейтін азамат. Осы Абай ағамыздың айтқаны бар, тағы басқа «Киелі бесік» жайында ел ішінен естіген әңгімелерді оқырманға ұсынып отырмыз. Сонымен:

«Үлкен атаның бесігі»
Бесік жоғарыда аты аталған Мүсілім ақсақалдың үлкен ағасы Биғазы Мұхамәдиұлы туған 1897 жылы жасалыпты. Би атаның туған жері Өр Алтайдың шұрайлы мекені Шіңгіл өзенінің бойы екен. Бұл қазіргі Шинжан өлкесі. Шіңгіл Алтай тауының күңгейі мен теріскейін алма кезек кесіп ағатын тау өзені. Суы мөлдір, ағыны қатты. Өзенді жағалай жиектеп сырғауыл мүсіндес боз талдар өскен. Жоғардағы бесік осы әйгілі Шіңгілдің боз талынан иілген екен. Ең алғаш бұл бесікке 1897 жылы Биғазы бөленіпті. Содан бертінде ұрпақтары үлкен атамыз бөленген бесік деп «Үлкен ата бесігі» атап кетіпті.

Осы бесікке Биғазының өзі және 14 іні-қарындастары, Мүсілім ақсақалдың өзінің және аға інілерінің 21 баласы, одан кейін осы әулетке қарасты 19 немере, 6 шөбере бөленіпті. Осының соңғы төртеуі Қазақстан топырағында туғандар екен. Енді бесік жайындағы ақиқат-аңызға келейік.

Құздан құлаған түйе
Оқиға 1898 жылы болған екен. Шіңгілдің бойын күзеп отырған ел бір түнде үркіп Қобда бетіне ауады. Жұрт жауқашты болып түнде көшкендіктен тым биік Жырғылты асуына келіп кептеледі. Жықпыл-жықпыл түйе тастардың арасынан жол табу өте қиын, көлікті көш әрең өтетін жалғыз аяқ сүрлеуден басқа із жоқ. Шатқалдың етегі құлама құз. Тайып кетсең алдыңда аңдып ажал тұр. Ел еріксіз жанын шүперекке түйіп асудан өтуге мәжбүр болады. Осы көштің арасында Мұқамәдидің де отауы бар екен. Баласы Биғазы бесікте. Әйелі екінші баласына аяғы ауыр болғандықтан бесіктегі баланы ат үстіне алып жүре алмай, бесігімен бірге түйелі жүктің үстіне таңып тастайды.

Мұқамәдидің көші тура асудың орта тұсына барғанда бесік таңылған түйе аяғы тайып кетіп құздан ұшады. Жүк-мүгімен көз жетпейтін шыңырауға құлайды. Бесіктегі баласын аяп анасы шырқырап жылайды. Содан арттағы елге хабар беріп, не де болса нәрестенің мүрдесін тауып алайық деп, бірнеше жігіт құлаған түйенің үстіне барса, жануар баяғыда мойны қайырылып өлген, үстіндегі жүктен сау тамтық жоқ, шашылып жатыр. О, мына құдіретке қарамайсыз ба, бесік анадай жерде төрт аяғымен шаншылып тік тұр. Ішіндегі емшек іздеген сәбидің жылаған дауысы естіледі… Дін аман.

От тимеген бесік
Бұл оқиғаның қашан болғаны белгісіз. Бірақ қалай болғаны елдің есінде. Күздің қара суық күндерінің бірі. Жалпақ ел жайлаудан көшіп күзеулікке келіп алған. Жапырақ сарғайған, даланың шөбі қуарған. Осындай кезде жоқ жерден қу шөп от алып, өрт шығатыны белгілі.

Кешқұрым өрістен мал келіп ауыл абыр-сабыр болып жатқан шамада «үй өртеніп жатыр» деген айғай естіледі. Ел қараса тағы Мұқамәдидің үйі өртеніп жатыр. Үйдің ішінде бесікке бөленген бір жасар Жекей атты Мұқамәдидің үшінші баласы қалып қойған. Арада сүт пісірім уақыт өткен де, үй де жанып бітеді. Жиналған халық жанған үйдің күлінің астында дін аман тұрған бесікті көреді. Ішіндегі сәбиге тағы да түкте болмаған. Жекей ата 1900 жылдардың басында дүниеге келгенін ескерсек, оқиғада сол шамада болған секілді.

Суға кеткен сәби
Оқиға 1910-11 жылдары болған. Көктемнің жуан ортасы сәуір айының аяғында қырат-қырқаларда қыстай сүрлеген қар еріп, Қарғайты тауының сай-саласы суға толады. Ылдиға құлаған қардың суы төменгі Бұлғын өзенінің арнасына барып құйып, өзеннің өткел бермей тасып жатқан кезі екен. Тағы да сол Мұқамәдидің ауылы жайлауға көшеді. Өйткені, жылқы малын ойдың бүгелегі буып, сиырдың оқырасы қозып малшы-қосшылардың мазасы кетеді.

Ағысы қатты өзеннен ұсақ мал өте алмайтын болғандықтан су басылғанша олар ойда қалып, ірі малдарды айдап жас отаулар жайлауға беттейді. Мұқамәдидің әйелі жетінші баласы Самалды бесікке бөлеп атқа өңгеріп алады. Тура тасыған өзеннің ортасына келгенде астындағы аты сүрініп кетіп, ішіндегі сәбиімен қоса бесіктен айырылады. Ақшуланданып тасыған өзен бесікті ағызып әкетеді. Аттылы-жаяу адамдар өзенді жағалап бесікті қуалайды. Жете алмайды. Ел-жұрт тасыған өзен бесікті жарға соғып, ішіндегі сәби де мерт болған шығар деп, ойлайды. Десе де алында екі рет бесіктің ішіндегі сәбилердің аман қалғанын білетін ел үмітін үзбей іздеп шығады. Қызық болғанда бесік қозы көш жерге дейін ағып барған да аман-есен талға ілініп қалған. Іздеушілер бесіктің су бетінде өзен ағысымен бірге тербеліп тұрғанын көреді. Бесікті алып шыққан да ішіндегі сәби ысылдап ұйықтап жатыпты. Тіпті оянбаған көрінеді.

Сел ағызған бесік
Бұл оқиға жоғардағы бесіктің ақы иесі Мүсілім ақсақалдың үш айлық сәби кезінде болыпты. Сонда бұл 1917 жылы деген сөз. Үш айлық сәбиін бесікке бөлеп тастап, шешесі қой саууға шығады. Кенет жауған нөсердің салдарынан таудан тасқын құлап, дүлей сел жол-жөнекей кезікен қой тастардың өзін аударып тастап, жойқын күшпен ағызады. Апат айтып келмейді, дегендей аңдаусыз, қамсыз отырған ауыл абдырап қалады. Біреу байлаулы құлындарды босату үшін желіге жүгірсе, екінші біреулер қозы-лақты селден қорғап әлек.

Осы абыр-сабырдың арасында бесікті ішіндегі үш айлық сәбиімен қоса сел ағызып кетеді. Адам сену қиын бесік сол селмен ағып отырып, көш жердегі өзенге барып бірақ құйған. Содан үлкен өзеннің ортасындағы салындыға ілініп қалған. Ел түнімен іздеп бесікті таба алмай, таңның атысымен тұрып қараса, бесік өзеннің ортасында тұр. Бірнеше жігіт ат жалдап барса, бесіктің көрпешесі суға ағып кеткен де, арқалығы салындыға ілініп қалған. Ішіндегі сәби дін аман.

Төрт жерден тиген оқ
Осы бесікке қатысты тағы бір таң ғажайып оқиға 1944 жылы болған екен. Бұл оқиға жайында білетін адамдар қазірдің өзінде баршылық. Осы жылдың күзінде Монғол елінің батысындағы Бай-өлке аймағының Құжырты деген елді мекенде төтенше оқиға болған. Бір сұмынның халқы бір түнде түп қопарылып, шекара әскерлерімен атысып-шабысып Қытай еліне өтіп кеткен. Шекарашылар босқан елдің соңғы жағын асырмай ұстап қалып, елдің жартысы арғы жақта, жартысы бергі жақта, екі-үш жыл әке баладан, бала анадан айырылып зобалаң тартқаны бар. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Осы топалаң оқиғаның ортасында екі айлық сәбиін осы «киелі бесікке» бөлеген 21 жасар Күнбике деген әйел болған. Жас келіншектің атына оқ тиіп жығылады. Өзіне де оқ тиеді. Жараланған әйел бесіктегі сәбиін сүйретіп жықпыл тастардың арасына барып паналайды. Екі күн өткен соң соғыс болған жерге адамдар келіп, өлісін жерлеп, тірісін тізімге алады. Осы шолғыншылар тастың түбінде бесікке сүйеніп, отырған әйелді алыстан көріп, қасына келеді. Келсе, әйел азғана уақыт бұрын көз жұмыпты, бесіктегі сәби өлі анасының емшегін сорып тірі жатыр екен. Бесікті тауып алған Бескерей деген жігіттің айтуынша бесіктің жөргегін төрт жерінен бесатардың оғы көктеп өткен, бірақ ішіндегі сәбиге дарымаған. Сол сәби артынан үлкен азамат болды. Мәскеудегі компартияның жоғарғы мектебін бітіріп келіп, лауазымды қызметтер атқарды. Бүгінде аман-есен дербес зейнеткер.

Көштен қалған бесік
1992 жылы Мүсілім ақсақалдың әулеті көппен бірге Қазақстанға қоныс аударады. Солтүстік Қазақстан облысының Белоград ауданына квота алып, ауданнан арнайы барған КамАЗ-дарға дүние мүлкін артып жолға шығады. Атадан, балаға мирас болып келе жатқан бесікті де тастамай жүктің ең үстіне таңып алады. Сонымен қазыналы Қобданың қызыл топырағын бауырында ойнатып, күркіреген КамАЗ-дар шеруі Ресей-Монғол шекарасынан өтіп, Таулы Алтай өлкесінің сыңсыған қарағайлы даласын қақ тіліп, Сарыарқаға қарай көсіледі.

Көштің екінші күні жүк көліктері түс әлетінде Онгудай селосынан өтіп, Бийск базасына таяу жерге келіп, түскі ас ішуге тоқтайды. Бесік артқан машинада келе жатқан жүктің иесі бажайлап қараса бесік жоқ. КамАЗ-дың үсіне шығады, алды-артын қарайды, табылмайды. Содан әлі КамАЗ тіркемесін ағытып тастап, бесікті іздеп кері қайтады. Көп ұзамай-ақ 20-30 шақырым жерден тауып алады. Бесік бүп-бүтін, ешбір ақау жоқ. Бірақ ішінде бұл жолы бала болмаған.

Аман қалған – Атамекен
Осылай бұл бесік аман сау атажұртқа да жетті. Осында келгеннен кейін Мүсілім ақсақалдың ержеткен немересі отау құрып, балалы болды. Қария шөбересінің атын «Атамекен» деп қойыпты. Атамекенді де осы бесікке бөлейді. 1997 жылы бесік иесінің әулетінде қайғылы оқиға болады. Мүсілім ақсақалдың жеке шаңырақ көтерген немересі әйелімен бірге дүниеден өтеді. Оған себеп, үйдегі пештің түтін тартатын түтігі бітеліп, ыс шықандықтан жас жұбайлар уланып қайтыс болған. Таңертең қайғылы оқиғаның куәсі болған жұрт бесікте жатқан сәбидің аман қалғанын өз көздерімен көреді.

Дәл осы оқиғадан кейін бесіктің қасиеті жайындағы әңгіме жұртқа тарап, журналшы Нұржан деген азамат облыстық газетке «Оралман бесік» атты шағын мақала жазады. Осыдан кейін музейден адамдар келіп бесікті алып кеткен.

Осыдан бір аз күн бұрын Қызылжар қаласында тұратын таныс азаматқа хабарласып, бесіктің қазіргі жағдайын барып білуін өтіндік. Азамат сөзімізді жерге тастамады, барды, көрді, білді. Бесік аман сау тұр екен. Бірақ бұрынғы қызметкерлер ауысып кеткен болу керек, бесіктің тарихы жайлы білетін адамдар жоқ. Әрі бесікті ескіріп кеткен зат ретінде «жойып жіберуге» ұсыныс жасалғанын айтыпты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Оцените статью
Добавить комментарий