Алғашқы қазақ тіліндегі жүктілік пен босануға арналған кітап жарық көрді

IMG_4501Бүгін, 6 ақпан күні елордамызда жүктілік пен босануға арналған журналист, егіз қыздың анасы Жанар КӨБЕКБАЙДЫҢ «Ана бақыты немесе жүкті әйелге арналған күнделік» атты кітабының салтанатты тұсау кесу рәсімі өтті.

Еліміздегі АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ жүктілік пен босануға арналған кітап кең аудиторияны қызықтырды. Іс-шараға ана болуды жоспарлап жүрген, құрсақтағы сәбиін көруді тағатсыз күткен аяғы ауыр келіншектер мен автордың жақындары қатысты.

156Кітаптың авторы журналист, егіз қыздың анасы Жанар Көбекбай өз сөзін идеяның қалай келгенін, кітап жарыққа шығаруға не итермелегенін ортаға салғаннан бастады. «Өзім аяғым ауыр кезде әрбір аптаны толық сипаттап беретін, баланың дамуы мен болашақ ана күтімі туралы жазылған ана тілімізде бірде-бір әдебиет таппадым. Кітап былай тұрсын, қарапайым ақпараттың болмауы мені қынжылтты. Осы бір ақтаңдақтың кесірінен біз еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан қазақ тілді аналар аудиториясының сұранысына еш ұсыныс жасай алмаудамыз. Міне, осы олқылықтың орнын сәл де болса басып, теңізге тамған тамшыдай өз үлесімді қосып, жүктілік кезінде  жазылған дүниемді ұсынып отырмын» — деді өз сөзінде автор.

Сонымен қатар, сөз барысында автор кітаптың маңыздылығы мен ерекшелігі, жазылу барысы мен медицианалық рецензенті туралы айтып, алдағы жоспарда, 2 аптаның көлемінде кітаптың мобильді нұсқасы шығатынын ортаға салды (бұл мобильді қосымшаны жүкті келіншектер «мобильді маркеттер» арқылы алып, ең қарапайым смартфондар көмегімен оқи алатын болады). Төрт бөлімнен тұратын кітаптын мазмұнына да тоқталды. Автор сөз соңында кітаптың ғылыми еңбек емес екендігін айтып, тек қазақ тілінде жүкті әйелдерге арналған кітаптың болмауы толғандырған жанның ізденіп жазғанынан, мамандардан сұрағанынан шыққан дүниесі деп бөлісті.

Келесі сөз кезегін, кітаптың негізгі оқырманы, Астана қаласының  тұрғыны Дана Сәби алды. Екінші бөпесіне жүкті келіншек бұл дүниенің тек кітап емес, күнделік те екенін ерекше атап өтті. Кітапты алған сәттен бастап әрбір аптаны қалдырмай оқып, өзіне қымбат шақтарын түртіп, кітапта арнайы бөлінген орынға жазып жүретінін айтты. Бірінші жүктілігінде тек орысша жазылған ақпараттармен шектелсе, бүгінде бұл мәселе шешімін тапқанын қуана жеткізді.

Тұсау кесу рәсіміне кітаптың жазылуына себепші, автордың музалары, егіз қызы Зере мен Адия да қатысты. Іс-шара соңында жүкті әйелдерге арналған тегін кәсіби фотосессия ұйымдастырылып, барша келген қауым жақсы көңіл күймен тарқасты.

Кітап туралы:

125

«Ана бақыты немесе жүкті әйелге арналған күнделік» атты кітап сөзсіз ана болуды жоспарлап жүрген, құрсағындағы сәбиін көруге тағатсыз асыққан және жас ана атанған барша қыз-келіншектерге керек дүние.

Кітаптың шығуына негіз болған – автордың, егіз қыздың анасының бойына нәресте біткен сәттен бастап жүргізген күнделігі болды. Автор өз кезегінде жүктілік пен босану туралы мемлекеттік тілде әдебиетті таппай,осы олқылықтың орнын сәл де болса басуға тырысты.

Төрт бөлімнен тұратын кітаптан жүкті келіншек көптеген мазалаған сауалдарына жауап таба алады.

«Мен болашақ анамын!»  атты бөлімі — бөпенің құрсақтағы дамуы пен 40 апта көлеміндегі ана ағзасындағы өзгеріс толық жазылған. Сонымен қатар, болашақ ана мен әке әр аптаға арналған кеңестерді де осында таба алады.

Екінші бөлім «Босанудың бабын біл!» деп аталады. Автор бұл бөлімде босанар уақытындағы дұрыс тыныс алу, не ішіп-жеуге болатыны, ауруды азайту үшін қандай жаттығулар жасау қажеттігіне барынша толық тоқтауға тырысқан.

Кітаптың «Ерекше жүктілік немесе менің күнделігімнен…» деп аталатын үшінші бөлімі егіздерге қатысты. Қос сәбиге жүкті адамның сан сауалы болатыны сөзсіз. «Босанғаннан кейін бөпелерімді қалай еміземін, қанша бесік алуым қажет, екі керует керек пе, оларды қалай суға түсіреміз, бірдей жыласа не істеймін» деген сынды сұрақтар егізге жүкті әйелдерлің талайының мазасын қашырған. Міне, енді егіздер мен сыңарларды күткен әйелдерге Жанар Көбекбай басынан өткенің танымды, әрі қызықты етіп жазып, ұсынып отыр.

Кітаптың қорытынды төртінші бөліміне келсек, ол толықтай қазақ ұғымындағы ана мен балаға қатысты ырым-тыйымдарға, түрлі этнографиялық түсініктерге арналған. Онда Сіз баланың бойға біткен сәті, тоғыз ай ана құрсағында болуы, өмірге келгеннен бастап, тәй-тәйлап басып жүріп кеткеніне дейінгі даму баспалдақтарының атауымен, әр жастың ерекшелігі мен түсінігіне, сәбиді емшекпен емізуге қатысты орынды айтылған дана халқымның асыл сөздерімен және көптеген қызықты ақпараттармен танысасыздар.

Ибрагимов Алмаз Құрманәліұлы — кітаптың медициналық рецензенті, тәжірибелі дәрігер — репродуктолог, «Болашақ»  халықаралық стипендиясының  иегері:

 «Бұл кітап әрбір жүкті әйелде болуы тиіс деп ойлаймын. Ол өте жеңіл, медициналық тұрғыдан дұрыс әрі қызықты жазылған. Біз дәрігерлер кейде қиындатып жіберетін тұстарын, автор барынша әйелге түсінікті етіп жеткізген.  Кітап кең аудиторияға арналған, тек бір балаға жүкті әйелге ғана емес, егіздердің аналарына жазылған таптырмас өмірден алынған ақпараттар бар. Бұл – кітаптың бірегейлігі деп ойлаймын. Өз басым кітапты сүйсіне, кейбір сәттерін күліп отырып, оқып шықтым. Аналарға және жүкті әйелдердің барлығына оқуға кеңес беремін».

ЖАНАР КӨБЕКБАЙ

Оцените статью
Добавить комментарий

  1. Асем

    Саламатсыздарма? Бұл кітапты қайдан алуға болады? Қызылорда қаласынанмын. Өтініш жауап берінізші.

    Ответить