Технологиялар дамуының нәтижесінде махаббат іздеу жолы күрт өзгеруде. Бұрындары қарапайым еді. Болашақ жарды үй жақтан, бір көшеден, ең құрығанда бірге тұрып жатқан елді мекеннен табуға болар еді.
1932 жылы Пенсильвания университетінің әлеуметтанушысы Джеймс Броссард Американың Филадельфия қаласында тұрып жатқан адамдарға берілген 5000 некеге тұру туралы куәлікті зерттеп, олардың 80%-нан астамы үйленуге дейін бір қалада тұрғанын анықтаған. Олардың 13%-ы бір көпқабатты үйде, 40%-ы бір ықшам ауданда өмір сүрген. Тек 20%-ы ғана басқа қаладан жүрек қалауын тапқан.
Жалпы жұптар ол кезде бірін-бірі қалай тапқан? Бұрындары әдетте көрші болу, отбасы, достар арқылы немесе мектепте, университетте, жұмыс орнында, кафеде танысып келген.
Ал, қазір жағдай күрделі …
Мишель Розенфельд, Рубен Томас және Соня Хаусен сияқты бірнеше ғалым «Жұптар қалай танысады және бірге қалады» тақырыбында Америкадағы әлеуметтік өмірді зерттеген. Технологиялардың дамуының арқасында 80-жылдары басталған «онлайн» танысулар бүгінгі күні жұптардың қосылуының 70%-ына себепкер және жыл сайын оның үлесі арта түсуде. Ал, 2000-жылдары «достар арқылы» танысудың үлесі 37%-ды құраса, бүгінде 7%-ға дейін төмендеген. 50-жылдары кездесулердің 25%-ын құраған «отбасы арқылы» танысулардың да рөлі жоғалған. Бұл жұптасу жолы әзірге оқшау этникалық топтарда біршама сақталып қалған. Жұмыста, мектепте, университетте танысып, бас қосып жатқандар да шамалы, көршілердің де некелесуі некен-саяқ.
Байқап отырғанымыздай ақпараттық технологиялардың (әлеуметтік желілер, интернет сайттар, қосымшалар) отбасы құндылықтарына, әлеуметтік өмірге әсері зор. Жаһандану заманында Батыста орын алған құбылыстар бізге де келуі заңды. Қазіргі таңда жалғызбастылар үшін смартфон 24/7 тәулік бойы кездесу «кафесі». «Агентпен» көптеген достар танысып, балалы болды, алды немерелі болып жатыр. Инстаграм талай қыздың бағын ашты.
Дегенмен, бір ауылдан, бір қаладан, ең болмағанда бір облыстан «дәстүрлі жолмен» танысу құда түсіп баруға оңай еді, ата-ананың қалтасына салмақ салынбайтын. Ал, қазір жастар жеті атасы естімеген жерден қыз алып келіп немесе ұзатылып жатады. Бұл да жаһанданудың бір көрінісі, оған икемделмесек, қарсы тұру мүмкін емес. Заман ағымына сай «бел құда», «бесік құда» сияқты жоралғылар тарих қойнауына кеткенін ұмытпаған жөн.
Ал, Сіздер қалай таныстыңыздар? Қай жылы танысқандарыңызды да комментарийде жаза кетіңіздер, өзімізше әлеуметтік зерттеу жүргізейік.
Мұрат БАЛАБАЙ