Бесіктен безінуге болмайды

Бесіктен безінуге болмайдыБаланы бесікке бөлеу қазақ халқына тән ұлттық қасиет. Бесік киелі. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, бойы жылы, тәні таза болады. Бүгінгі таңда қазақтың қасиетті бесігі қолданыста жоқ. Ара-тұра көргеніміз болмаса, қазіргі әрбір қазақтың шаңырағында, төрінде тұр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Ата-баба аманатының бірі киелі бесік ғасырдан-ғасырға жетіп, тек бүгінгі ұрпақтың көзіне оғаш көрініп, қолданыстан шығып қалғаны өкінішті.

Бесік – өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы, оның ер жеткенде алаңсыз балалық шағын есіне түсіретін ардақ тұтар асыл бұйымы емес пе?! Қазақтар бесікті қарағайдан, қайыңнан, аршадан, көбіне талдан жасайды. Бесікті «тал бесік» деп атаудың сыры осында. Бесік көшіп-қонатын қазақ тіршілігіне өте ыңғайлы. Сондай-ақ үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға да қолайлы, бала денсаулығына да тиімді. Қазақтың тура биі Төленің, «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі», – деген тәмсілі бар. Бесікке қатысты қазақ халқының өзіне тән ырымы, салт-дәстүрі болған.

Бесік туралы сөз еткенде, қазақтың бесікке салу ырымы жайлы айтып кету, әрине, парыз. Бесікке салу рәсіміне ауыл-үйдің әйелдері шақырылады, олар өздерінің шашуға деген кәделерін ала келеді. Ал бесікке салу жолы ауылдағы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Бір-екі келіншек бесікті түбек, шүмек, құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, екі тартпасы сияқты бесікке тән жабдықтармен жақсылап жабдықтайды. Түбектің түбіне күл салып қоятын болған, оның бір себебі бесікті тербеткенде нәрестенің зәрі шайқатылмау үшін, ал екіншісі оның күлге төгіліп, жылы бу шығарып тұруы үшін. Шүмекті қойдың асықты жілігінен жасаған, ол айрықша аппақ болу үшін сүтке қайнатылған.

Алдымен, бесікті отпен аластап алады, сосын «тыштырма» жасайды (бесіктің түбек салынатын тесігінен балаларға тәтті үлестіріп беру осылай аталады). Бұдан соң нәрестені айналып-үйіріліп отырып бесікке бөлеп, оның үстіне, баланы әруақтар қорғап жүрсін деп, ата-бабадан қалған сырт киім, ел тізгінін ұстар азамат болсын деп, аттың тізгінін, ел арасында айбынды болсын деп, қамшы қояды. Қайсыбір жерлерде бесіктің үстіне жеті түрлі қадірлі, таза заттар жабады. Сонан соң бесікке салған әже оның үстіне мініп алып, қолына қамшы ұстап, атпен шапқандай болады. Отырғандар: «Әже, қайда барасыз?» деп сұрайды да, әже оларға: «Меккеге барамыз», «Байдың аулына барамыз», «Жеті қат аспанға, Күн астындағы Күнікей қыздың аулына қыз айттырып барамыз!» тағы сондай сияқты қызықты жауаптар қайтарады. Осылайша бесікке салу рәсімі ойын-күлкі, тамашамен аяқталады. Бесікке жабылған таза маталарды үй иесі отырғандарға, өздерінің орнына қарай үлестіріп, сыйға тартады. Бұдан соң жас аналар қосылып «Бесік жырын» айтады.

Бесік – нағыз халық мұрасы, сәби анасының сүйеніші, балалар жырының ордасы, ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың пайдаланған тұрмыс-тіршілігінің, өмір салтының түп діңгегі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, бүкіл тәлім-тәрбие, ұлттық ұлағат бесіктен басталған. Сан ғасырлық ұғымдарды, дүниетанымды сақтап алып бүгінге жетіп отырған бесік, расында да, ұлт руханиятының бастауы. «Бесіктегі бала бес түлейді» демекші, нәрестенің көп өзгеріп, тез өсіп жетілетін шағы да осы бесікте жатқан кезі. Алайда, қазіргі кейбір ғалымдар мен дәрігерлер айтып жүргендей, бесік осылай бес түлеп, өсетін баланың ағзасына зиян емес. «Бесікке салған бала өспейді, оның бойында қан жүгірмейді, аяқ-қолы қисық болады» дегеннің бәрі бекер айтылып жүрген әңгіме. Бесік керісінше балаға әмбебап тазалық, алаңсыз ұйқы сыйлайды. Өзінің құрғақ, ұядай жылы жатын орнында сәби бесік жырын тыңдап өседі. Ал бесікке баланы қазақ ешқашан да күндіз-түні матап байлап тастамаған. «Сымбатыңа қарасам – асылдан таңдап кигендей» дегендегі Алпамыс батыр да, Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды ақылгөй даналар да, елді аузына қаратқан небір шешен билер, төрелер жатып өскен бесік ешқашан ескірмек емес. Бесікті аялайық, ағайын!

Алтынкүл Назарқұлқызы, көп балалы ана

Оцените статью
Добавить комментарий

  1. Динара

    Біреу жатқан бесікке жаңадан туған тұңғыш нәрестені жатқызуға болады ма?

    Ответить