Бесік сөзінің шығу төркіні

бесік сөзі МАҚАЛА

Бесік сөзінің шығу төркініне қатысты бірқатар тұжырым кездеседі. Ғалым Ә. Нұрмағамбетовтің мәліметінше бесік атауы шығуының 2 жорамалы бар.

Бірінші жорамал. Қазақтармен туыс саналатын якут, сары ұйғыр халықтарының тiлiнде бесiк сөзiнiң түбiрi “би”, “пе”, “бээ”, болып келедi де, мағынасы “тербету”, “әлдилеу” деген түсiнiк бередi. Ал, осы түбiрлердiң бiрiне, әсiресе “бээ” түбiрiне өз тiлiмiзге тән жұрнақ қоссақ, “тербету” мағынасын беретiн “бесiк” сөзi пайда болады. Егер бiзге “бесiктi” тербеу, қозғау, қимылдау, шайқау қажет болса, онда қазақ сөзінде “без”, “безек”, “безілдеу”, “безу”, “безеу”, “безгілдек”, “безбен” тағы басқа толып жатқан төл сөздер бар. Осы аталған сөздердің барлығының түбірі – без. Бұл сөздердің барлығы қозғалу, ырғалу, шайқалу, тербелу деген ұғымға сыйып тұрғандықтан, “бесік” әу бастан “без”, “безек” немесе “безік” болып, бертiн “з” дыбысы қатаң “с” дыбысына ауысып, “бесiк” болып қалыптасса керек

Екінші жорамал. Бесіктің жасалу жолына қарай, оны құрайтын негізгі бес ағашқа байланысты “бес уық” сөзінің туындауы мүмкін деген тұжырым жасауға болады. Олай дейтініміз, қазақ халқы негізінде екі түрін тұтынған. Оның ертерек пайда болған түрі “аспалы бесік” деп аталады. Аспалы бесіктің жасалу жолдары өте қарапайым. Оны әзірлеу үшін бес тал, жуандығы біркелкі, жұмыр талдар болса болғаны. Ондай бесікті көшіп – қону кезінде уықтап құрап жасай салу әбден мүмкін жай. Кейін келе “бес уық” – “бесық” – “бесік” болып қалыптасып кеткен тәрізді.

Жалпы “бесік” атауының шығуы әлі де болса терең зерттеуді қажет ететіні даусыз.

Оцените статью
Добавить комментарий