Бесіктің құрылысы

Біз бесік құрылысын білу мақсатымен бесікті қолдан иіп жасайтын шеберге жолықтық. Біле білсек, бесіктің жасалуында да үлкен мән бар. Нұрғалиевтер әулетінен тарайтын Ғалымжан он баланың үлкені. Оны 15 жасынан бастап ұсталыққа баулы­ған әкесі Ахметқали деген кісі. Шиттей он баланы бір айлықпен асырау оңайға соқпайды. Жол бойында ұзақ жылдар машинист болған Ахметқали ақсақал ата-баба дәстүрін жалғастырып, әрі күнделікті нан-пұл болсын деген оймен осы қиын өнерді меңгереді.

Күндіз жұмыста болған уақытында баласы Ғалымжанға бесіктің ағаштарын жону­ды, тағы басқа ұсақ-түйек шаруаларды тапсырып кетеді екен. Бірақ ойынба­ласы әкенің айтқанын ұмыт қылып, ойынға алданып кетеді. Сондай сәтте отанасы Бәтес апай да қарап отырмай­тын көрінеді. Баласының сөз естімеге­нін қалап, сол жұмыстарды өзі орын­дайтын кездері де аз болмаған. Десе де, ержете келе инженер-құрылысшы маман­дығын игерген Ғалым­жан Нұрғалиев әке баулыған ұсталықты одан әрі жаңғырта түседі. Бүгінде орталық базарда оның жасаған бесіктерін жұбайы Тыным апа жұртшылыққа өткізуде. Бағасы егер жа­сауы жоқ болса 5-8 мың теңге аралығында. Күніне бір-екі бесік, кейде бес-алтауға дейін сатуға болады. Бесіктің ағашын өте талғаммен таңдай білетін шебер оны алдымен арнайы станокта жонады. Кептіру үшін де біршама уақыт кетеді. Жалпы, бесіктің екі түрі бар. Олар: жер бе­сік, жел бесік. Ал жасалуы бойынша иіп жаса­лын­ған және тік бесік болып екіге бөлі­неді. Ал жел бесікті тал, қайың, қарағайдан жасай­ды.

Бесіктің құрылысына келсек, шебердің айтуынша, алдыңғы бас бөген деп аталады. Одан соң бел ағаш, жақтау, жорға, табан, сабау, тақтай, түбек, шүмек деп кете береді. Күндіз-түні бала-шағасымен осы қиын жұмысты бірге атқарады. Алдын ала кептірілген ағашты ыссы суға салып, жібіту керек. Алдыңғы және артқы басындағы бөгенді ию де оңай іс емес. Дайын болған бесіктің ою-өрнегін салу отбасындағы қыздарға жүктелген. Ал бес жасар Бағдау­лет те әкесінің қандай құралын болсын жатқа біледі. Міне, маңдай тердің арқа­сында өз нандарын тауып отырған берекелі жанұяның бүгінгі тірлігі осындай. Отаға­сының алдағы арманы шеберханасын кеңейтіп, көп сұранысын қанағаттандыру. Себебі, өңірімізге бесікті Өзбекстан жерінен әкеліп сататын сатушылар көп. «Оның сыртқы түрі тым жылтырақ. Көзге бірден түскендіктен соны алады. Алайда, артынша жаңағы бесікті айырбастап беруін өтініп келушілер қатары азаяр емес» дейді Тыным апа. Яғни, бесіктің бала жататын аралығы тар. «Дәл көз алдында тұрған ағашқа қарап балам қитар болатын болды» деп шағымын айтатындар да жетерлік. Бұл ретте жылты­раққа қызығып алған аналар артынша өкініш білдіріп жатады. Демек, отандық өнімді қолдау өз қолымызда. Осы орайда айтар нәрсе, шебер кезінде ойын­шық бесік жасап та шығарған. Қытайдың ойыншы­ғын алушылар өз өнімімізді тұтын­са деген ниеттен туыпты. Алайда, оған жұм­са­латын уақыт көп болғандықтан бағасы қымбат. Сондықтан жұрт арзанқол қытай ойын­шы­ғын алуға құмар. Мұндай ойын­шық бесіктің қыз балаларды кішкентай кезінен бастап, отбасы тәрбиесіне баулуға септігі зор болар еді.

Оцените статью
Добавить комментарий