Біз бесік құрылысын білу мақсатымен бесікті қолдан иіп жасайтын шеберге жолықтық. Біле білсек, бесіктің жасалуында да үлкен мән бар. Нұрғалиевтер әулетінен тарайтын Ғалымжан он баланың үлкені. Оны 15 жасынан бастап ұсталыққа баулыған әкесі Ахметқали деген кісі. Шиттей он баланы бір айлықпен асырау оңайға соқпайды. Жол бойында ұзақ жылдар машинист болған Ахметқали ақсақал ата-баба дәстүрін жалғастырып, әрі күнделікті нан-пұл болсын деген оймен осы қиын өнерді меңгереді.
Күндіз жұмыста болған уақытында баласы Ғалымжанға бесіктің ағаштарын жонуды, тағы басқа ұсақ-түйек шаруаларды тапсырып кетеді екен. Бірақ ойынбаласы әкенің айтқанын ұмыт қылып, ойынға алданып кетеді. Сондай сәтте отанасы Бәтес апай да қарап отырмайтын көрінеді. Баласының сөз естімегенін қалап, сол жұмыстарды өзі орындайтын кездері де аз болмаған. Десе де, ержете келе инженер-құрылысшы мамандығын игерген Ғалымжан Нұрғалиев әке баулыған ұсталықты одан әрі жаңғырта түседі. Бүгінде орталық базарда оның жасаған бесіктерін жұбайы Тыным апа жұртшылыққа өткізуде. Бағасы егер жасауы жоқ болса 5-8 мың теңге аралығында. Күніне бір-екі бесік, кейде бес-алтауға дейін сатуға болады. Бесіктің ағашын өте талғаммен таңдай білетін шебер оны алдымен арнайы станокта жонады. Кептіру үшін де біршама уақыт кетеді. Жалпы, бесіктің екі түрі бар. Олар: жер бесік, жел бесік. Ал жасалуы бойынша иіп жасалынған және тік бесік болып екіге бөлінеді. Ал жел бесікті тал, қайың, қарағайдан жасайды.
Бесіктің құрылысына келсек, шебердің айтуынша, алдыңғы бас бөген деп аталады. Одан соң бел ағаш, жақтау, жорға, табан, сабау, тақтай, түбек, шүмек деп кете береді. Күндіз-түні бала-шағасымен осы қиын жұмысты бірге атқарады. Алдын ала кептірілген ағашты ыссы суға салып, жібіту керек. Алдыңғы және артқы басындағы бөгенді ию де оңай іс емес. Дайын болған бесіктің ою-өрнегін салу отбасындағы қыздарға жүктелген. Ал бес жасар Бағдаулет те әкесінің қандай құралын болсын жатқа біледі. Міне, маңдай тердің арқасында өз нандарын тауып отырған берекелі жанұяның бүгінгі тірлігі осындай. Отағасының алдағы арманы шеберханасын кеңейтіп, көп сұранысын қанағаттандыру. Себебі, өңірімізге бесікті Өзбекстан жерінен әкеліп сататын сатушылар көп. «Оның сыртқы түрі тым жылтырақ. Көзге бірден түскендіктен соны алады. Алайда, артынша жаңағы бесікті айырбастап беруін өтініп келушілер қатары азаяр емес» дейді Тыным апа. Яғни, бесіктің бала жататын аралығы тар. «Дәл көз алдында тұрған ағашқа қарап балам қитар болатын болды» деп шағымын айтатындар да жетерлік. Бұл ретте жылтыраққа қызығып алған аналар артынша өкініш білдіріп жатады. Демек, отандық өнімді қолдау өз қолымызда. Осы орайда айтар нәрсе, шебер кезінде ойыншық бесік жасап та шығарған. Қытайдың ойыншығын алушылар өз өнімімізді тұтынса деген ниеттен туыпты. Алайда, оған жұмсалатын уақыт көп болғандықтан бағасы қымбат. Сондықтан жұрт арзанқол қытай ойыншығын алуға құмар. Мұндай ойыншық бесіктің қыз балаларды кішкентай кезінен бастап, отбасы тәрбиесіне баулуға септігі зор болар еді.