Бесік той

Бесік той бала қырқынан шыққасын жасалынады. Ал бүгіндері бұл мереке ба­ла қырқынан шыққан күні де өткізіліп жүр. Бесік той­ға нәрестенің өз жұрты, на­ғашы жұрты, алыс-жақын аға­йындары, көрші-қолаң, ет­жақын достар жиналады. Қо­нақтар өздерінің шамасына қарай сыйлық, пұл және тойдың шашуы ретінде тәтті-тұрым ала келеді. Үлкен кісілер той дастарқанына отырмас бұрын ақ батасын береді.

Жас нәрестенің қуанышына жайылған дастарқанға ішім­дік қойылмайды. Әркім шын көңілімен ақтарыла із­гі тілектерін арнайды. Ән мен жырға кезек беріліп, түр­лі ойындар ойналады. «Той­бастар» айтылады. Үлкендер ұлағатты әңгімелер тізгінін ағытады. Қарт әжелер ба­ла тәрбиесіне, күтіміне бай­ла­нысты ақыл-кеңестер айтады. Мәселен, нәрестені қандай суда қанша рет шомылдыру керек, қандай маймен қалай сылау керек сияқты сауалдардың жа­уабын айта отырса оның пайдасы, әрине зор болмақ.

Ас ішіліп болған соң, ба­ланы бесікке бөлеу рәсімі орындалады. Біріншіден бесік­ті адыраспанмен аластайды. Бұл рәсім кезінде діни ұғымға байланысты бесік пәле-жа­ла­дан, жын-шайтаннан тазар­ты­­­­­­лады деген ойдан туған. Екіншіден, ол гигиеналық тұрғыдан да пай­дасы бар. Адыраспан түтіні түрлі вирустық аурулар ту­ғызатын микробтарды жояды.

Нәрестені бесіккке бала өсірген тәжірибелі келіншек, немесе көпбалалы аналардың бірі салады. Қазақ өзінің жақ­сылығын қашанда ізгі ниетті адамның жақсылығымен жұ­ғысты болсын деп тілейді.

Сонымен, бесікке салушы бесіктің барлық жабдықтарын өзіне ыңғайлы етіп дайындап алғасын, келген қонақтарды ша­қырып отырғызады. Шашу­ға әзірленген құрт, май, кәм­пит, ежігей, бауырсақ, қант, күміс ақшаны уыстап бесіктің түбегінен төмен шығарып тас­­тағанда әйелдер қауымы қолын тоса қалып, содан алуға тырысады. Шашу үлестірілген соң бесікті отпен аластауда:

«Алас, алас, баладан алас, Иесі келді, пәледен көш! Алас, алас, пәледен алас, Көзі жаманның көзінен алас, Тілі жаманның тілінен алас, Қырық қабырғасынан алас, Отыз омырт­қасынан алас» деген си­яқты сөздер айтылады.

Содан соң бесіктің арқа­лығына бірнеше жерден темір­мен   қарып белгі салады. Әже­лер қырандай көреген болсын деп бесіктің арқалығына бүр­кіттің тұяғын байлайды, жын-шайтаннан, көзден сақтасын деп тұмар жаздыртып тағады. Сұлу болсын деп басына ай­на, тарақ жастайды. Баланы бесікке бөлегесін даусы жақсы бір келіншек бесік жырын баяу дауыспен айтса, тіптен жарасымды. Тойды ұзаққа соз­баған жөн. Жас нәрестеге көпшіліктің назарын көп ау­дартпаған дұрыс. Той соңында үлкендер батасын беріп, тойдан сарқыттарын алып үйлеріне тарасады. Бесікке бөлеген әйел­дерге білезік, сақина, жү­зік үлестіріледі. Ал бесікке салған кісіге бір көйлектік мата беріледі.

Бала бесікте анасының омы­рауынан шыққанша жатады. Бесіктің үлкен пайдасы балаға суық тимейді әрі гигиеналық тұрғыдан таза. Мәселен, үйге қонақ келе қалса, баланы кім болса сол қолына ұстап жүр­мейді, беті жабылған бесікті кім де болсын тербетіп, сәбиді жұбата алады.

Бесік – экологиялық тұрғы­дан да таза мүлік.

Сәби бесікте жатқанда ана­сының ұлағатты әнін естіп, бойына тәрбиелік мазмұндағы, рухани өнерді өз ана тілінде қабылдайды. Қазақтың туған жерді бесікке теңеуі бесікке деген құрметінен. Бесіктің тағы бір пайдасы, баланың саржағалы оның денесіне жайылмайды. Ал денесі құрғақ бала тыныш ұйықтайды. Егер баланы бесікке бөлемесе ол анасының жанында ұйықтағасын он­ың иісін алып, онсыз ұйық­тай алмайды. Ұйқысы жиі бұзылады. Ал ұйқының дұ­рыс болмауы баланың пси­хикасына кері әсерін тигізеді. Анасының ұйқысы да жиі бұзылады. Ағзасы дұрыс демалмаған ана шаршайды. Ал мазасызданған ананың омырауынан кейде сүт қашып кетеді. Міне, осы жайттарды ескерсек, баланы бесікке бөлеудің қажеттілігіне көз жеткізуге болады. Ұлы тұл­ғамыз Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қо­рық­паған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөле­меген, бесігі жоқ елден қор­қам. Екіншісі, немересіне ер­тегі айтып беретін әжесінің азаюынан қорқамын. Үшін­ші, дәмді, дәстүрді сыйла­майтын балалар есіп келеді. Оның, қолына қылыш бер­се, кімді де болса шауып тас­тауға даяр. Қолына кітап алмайды.Үйреніп жатқан ба­ла жоқ, үйретіп жатқан әже жоқ» деген екен терең толғаныспен.

Қазақта  бесікті  басыбай­лы ешкімге бермейді. Уақыт­ша пайдалануға берерде бе­сіктің басына ақ байлайды. Бала бесіктен шыққасын бе­сіктің басына асық буылған ақ байлап қояды. Бесік – жақ­сылықтың тілеушісі.

Қазақтың көнеден келе жатқан әдет-ғұрпы бойынша жаңадан дүниеге келген ба­лаға бесікті және анасына қал­жаны нәрестенің нағашы жұрты алып келеді. Егерде нағашыларының бесік әке­луге мүмкіндігі болмаса ұрпағы көп аналар кішкентай нәрестеге сыйлық ретінде бесік әкелгені дұрыс. Ол – жақсылықтың нышаны. Осы үйде де сондай қуаныш көп болсын деген ырымға саяды.

http://pr-hal.kz/?p=2044

Бөлісу

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *