Мен үшін күлкің, бөбегім,
Бір өмірдей дер едім.
Өмір бойы айтатын
Сенсің менің өлеңім.
Жасай бер өрен, балдырған,
Қызығың мейір қандырған.
Қарттығымды ұмытам,
Сен шыққанда алдымнан.
Сенсің — өмір тұлғасы,
Сенсің — көңіл шұғыласы.
Сенсің — сөнбес шырағым,
Сарқылмайтын бұлағым.
Игібай Тәжібайұлы Әлібаев (1903–1978) Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданы Айтуар ауылында дүниеге келген. Әкесі Тәжібай мен оның бауыры Әлібай Біржан салдан тәлім алған әнші болған. 1921 жылы Петропавлдағы Қазақ педагогика техникумын тәмамдап, мұғалім болып жұмыс істейді. Бүкілодақтық, республикалық халық өнерпаздарының байқауларында, айтыстарда бірнеше мәрте жүлде алды. 1974 жылы Игібай Әлібаевтың «Айтуар» атты өлең кітабы жарық көрген. Онда «Жасай бер өрен, балдырған» бесік жыры жарияланған.