Баланың ұясы — бесік

Көлік ішіндегі артқы орындықта отырған екі апайдың әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім.
— Өткенде жеңгемнің екі келініне бірдей бесік келді. Құдағилар бір-бірімен жарыса әкелген дүниелерін жиналған жұрт алдына жайып салғанда «тау» болды, — дейді біреуі.
— Сонда не әкеліпті?
— Әдемі зерленіп жасалған бесік, сандықша оның іші киімге толы, коляска, «ходуногы», ойыншығы тағы бар. Бас-аяғы қыздың шешесі 150 мыңға шығындалыпты.
— Әкелсе, қызының абыройы да, — дейді жанындағысы.

***

Расында, бұл әңгімеден бүгінгінің боя­масыз тіршілігін аңғару қиын емес. Кәдімгі дүние жарысы демеске лажың жоқ. Хош. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Біздің айтпағымыз бесіктің бала өміріндегі алар орны мен маңыздылығы жай­ын­да бол­мақ. Тіпті, баланың ұясына айналған бесік жай­ында ел арасында аңыз­дар да бар. Бұл оқиға сонау 1898 жылдары болған. Өр Ал­тай­дың бойындағы Шіңгіл өзені маңын күзеп отырған ел бір түнде жаудан қашып, жол­ға шығуына тура келеді. Түйемен жық­пыл-жықпыл тастардың арасынан жалғыз аяқ жолмен жүру қиынға соғады. Осы көштің ішінде Мұқамәди де­ген кісінің де отауы бар екен. Баласы бесікте. Әйелі екінші­сіне аяғы ауыр болғандықтан бесік­тегі баланы ат үстіне алып жүре алмай, бесігімен бірге түйелі жүктің үстіне таңып тастайды. Көш асудың орта тұсы­на барған­да бесік таңылған түйенің аяғы тайып кетіп, құздан құлайды. Содан арттағы елге хабар беріп, ең болмаса нәрестенің мүрдесін тау­ып алайық деп, бірнеше жігіт құлаған түйенің үстіне барса, жануар мойны қайырылып өлген, үстіндегі жүктен сау тамтық жоқ. Алайда, анадай жерде бесік тік тұр. Бала да дін аман. Ол баланың есімі Биғазы еді. Қазір ақсақал­дың өзі болмаған­мен, оның немере, шөбере­лері Солтүстік Қазақстан өңірінде ғұмыр кешуде. Бұл бесік кейінгі ұрпақ арасында «Үлкен ата бесігі» деп аталып кетіпті.

Расында, ел ішінде мұндай әңгімелер көп. Ал аралдық Райхан апаның үйінде ғасырға жуық ғұмыры бар бесік әлі күнге дейін сақтаулы. Әжейдің айтуына қараған­да, бұл бесікке оның жолдасы Үбай деген ақсақалдан бастап, бүгінге дейін әулет ұрпақтарының барлығы таңыл­ған. Райхан Әлиқызы баланы бесікке бөле­местен бұрын оның іші сыртын адырас­панды отқа жағып, аластау керектігін айтады. Бұл баланың тыныш ұйықтауына көмектеседі. Әрі ауру-сырқау мен тіл көзден аман қылады. Содан соң бесіктің жабдықтарын орналастырады. Сәби туыл­ғанына бес күн болғанда оны бесікке бөлей бастайды.Оның жабдықтары­на жөргек, құс жастық, құс көрпе, тізе бау, қолбауды жатқызамыз. Бұрыннан келе жатқан «тыштырма» ырымы бар. Әрбір жақсылық­ты шашу шашумен қарсы ала­тын халқы­мыз бұл дәстүрді бесік құт да­рыт­сын деген ниет­тен туған рәсім екендігін әжейден білдік. Бесік салар рәсіміне жи­налған ауыл келіншектеріне тойды басқа­рушы әйел қолымен бесіктің түбегі орнала­сатын тесіктен түрлі тәттілерді алақандарға үлестіреді. Одан кейін бесіктің үстіне бес көрпе, шапан, тон, жүген, қамшы, кітап қоя­ды. Шапан, тон жапқанда баланың ел қамын ойлар азамат болсын, тез өсіп, ел қор­ғасын, білімді болсын деп ырымдайды екен.

Өз заманында Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, «бесік жырын айтатын аналардың азайып бара жатқанына қорқа­мын» дегені бізді ойлантуы тиіс. Себебі, қаладағы көп жас аналар мұндай игі дәстүрімізден бейхабар екені жасырын емес.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

Оцените статью
Добавить комментарий