Ілияс Жансүгіровтің «Бөбек бөлеу» бесік жыры

Жансүгіровтың Бөбек бөлеу бесік жырыБөл-бөл бөбек, бөл, бөбек,
Бөлейін бері кел, бөбек.
Бедерлі бесік, төрт есік,
Төгілте салдым төр төсек.
Бөпешім, бесік — отауың,
Отауыңа кір, бөбек.
Бөл-бөл бөбек, бөл, бөбек.
Бүлдіршін шүмек бәйтерек,
Балалы үйрек, бас бармақ,
Кішкене бөбек, бес бөлек.
Саусақайы салбырап,
Бөлене қойсын қос білек.
Бөл-бөл бөпем, бөл бөпем;
Бөлесем, жөнге көн, көкем.
Көк ала жылқы көлде екен,
Көк ала тайың сонда екен.
Торсығыңды тосайын,
Тұмсық төсей cop, көкем.
Бөл-бел бөпем, бөл, бөпем.
Бөлейін бері кел, көкем.
Жұлдызыңды жұм, көкем,
Жуынып ерте тұр, бөпем.
Алшая атқа мін, бөпем.
Ақтан қара біл, көкем.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.
Бөлекен қонған көк өзек.
Көк өзекте көбелек,
Көлге көк құс шүй, бөбек.
Көк өзекте көбелек,
Көбелектей күл, бөбек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.
Боларсың бөпем қолкөмек:
Әлпештеген ата-анаң,
Бола қалса мүгедек.
Таңайын, ұйықта, таң атсын.
Түнде оянба, түн түнек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.
Бөріден бөстек ки, бөбек,
Ерінбей еңбек ететін,
Еліңе бол елгезек.
Елгезек болсаң иісін,
Ендеше саған екі емшек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.
Бөгелмей білім біл, бөбек.
Білмесең білім бекерсің,
Бет алдыңа кетерсің,
Елге есті ер керек,
Ер жет! Есей ертерек.
1925

Оцените статью
Добавить комментарий