Бесік жырын айта білесіз бе?

Бесік жырын айта білесіз бе?Дүниеге жаңа келген жас сәбидің өмірге деген құштарлығын, айналасына деген сүйіспеншілігін қалыптастыратын алғашқы қадам – ол ана жүрегін жарып шыққан «Бесік жыры». Иә, өнегелі сөздермен өрнектелген бесік жыры сәбидің жан дүниесіне рухани азық беріп, имандылықтың ұрығын жүрегіне себеді. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз сәбиін әнмен жұбатқан, әнмен оятқан десек, сол бесік жыры ауыздан-ауызға тарап, әр баланы жөргегінен-ақ батыр да батыл болуға тәрбиелеген.

Жасыратын не бар, қазіргі таңда рухани дәстүріміздің әлсізденіп бара жатқан бір бөлшегі де осы «Бесік жыры». Бүгінгі жас аналарымыз бесік жырын айта ала ма екен? Көпке топырақ шашудан аулақпыз, көненің көзін көрген ақ жаулықты әжелеріміз бен абзал аналарымыз болмаса қазіргілердің көбі оған аса бас қатырмайтын секілді.

Айтуға ұят, әрине, қазіргі уақытта бесіктегі сәбиді ұйықтату үшін, ойнату үшін ұялы телефонды нәрестенің бас жағына қойып даңғыраған шетел музыкасын қосатындар баршылық. Ол әлі дамымаған сәбидің психологиясына қалай әсер етеді? Бала түгілі ересектер қолданса зияны көп ұялы телефонымыз бесіктегі балаға өзгеше қатерлі екеніне сол жас аналар неге мән бермейді?!

«Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деген екен данышпан Төле би бабамыз.Бесік кең дүниенің есігі болса, сол бесікте жатқан сәби даңғыраған еш тәлім-тәрбиесі жоқ шетел музыкасын тыңдап өссе, баланың болашағы не болмақ?

Бекер обалы не керек, бесік жырының мән-маңызы жайлы газет-журналдарда жиі айтылып жатады. Алайда, соған назар аударып, жас келіншектерге осыны оқы, үйрен деп жатқан да ешкім жоқ.

«Жас балаға қазақтың әлди-әлди деп басталатын бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті» – деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, бесік жырын айту әр бір ананың сәби алдындағы қасиетті борышы. Оны орындамасақ, ата-баба дәстүріне қиянат жасағанымыз. «Ел боламын десең, әуелі бесігіңді түзе» деп қазақ атамыз тектен-текке айтпаса керек. Келешек бүлдіршін жас буынымыз саналы да инабатты болып өссін десек, қазірден бастап тәрбиені бесік жырынан бастағанымыз жөн, ағайын.

Ендеше, біз бүгін ел арасында жиі айтылатын бесік жырының бір үлгісін жұртшылық назарына ұсынсақ, оның еш артықтығы жоқ.

Әй, әй бөпем, әй бөпем,
Ән айтайын бал бөпем.
Ән тыңдағың келсе егер,
Және айтайын жан көкем.

Бөпем менің ай ма екен,
Шекер ме екен, бал ме екен.
Ойнақтап бір бәйгеден,
Озып келер тай ма екен.

Тас бұлақтар тауда екен,
Жас құрақтар сайда екен.
Көлбең, көлбең ұшатын,
Көбелектер қайда екен.

Әй, әй бөпем, әй бөпем,
Ұйықтадыңба, ай көкем.

Бағдат ӘБІШЕВ

Оцените статью
Добавить комментарий

  1. Zina Seit

    Өте керекті, өткір статья. Түгелмен қолдаймын! Тек қана осы өлеңнің видесын да осы жерге қою керек еді…

    Ответить
    1. besik автор

      Қайда бар видеосы?

      Ответить