Еліміздің үш арысының бірі, дүлдүл ақын Ілияс ағамыз кішкене бөбектерді өлеңімен әлдиіне бөлеп, жыр толқынымен сырласқан жан. Балаларға арнап өлең жазу бір дүние болса, балалардың көңілін таба білу екінші дүние. Балалар әдебиеті балаларға, кішкене бөбектерге арналғанымен кеңістігі кең, үлкен әлем, қызықты да қызғылықты, тамаша әсем әлем. Осы әсем әлемнің әдебін айшықтап, кеңістігін кеңейте түсуге қазақ поэзиясының құлагері — Ілияс Жансүгіровтың қосқан үлесі салмақты.
Ұстаздың мектепке дейінгі бүлдіршіндерге арнап шығармаларының ішінде, алғаш жазған «Бұлбұлға» деген өлеңінде:
Сайрасаң, құйқылжытып, құбылжытып,
Тамсандым, таңдайымның суын жұтып.
Толқытып, толықсытып, емірентіп,
Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық,-деп жырлаған.
Ілиястың балалар әдебиетіндегі шығармашылығы жайлы арнайы зерттелмегенімен, баспалар ақынның балаларға, жасөспірімдерге арналған өлең, әңгіме, дастандарын жеке кітапша етіп, бірнеше рет басып шығарды. «Кітаптан соң кітап» және «Тілашар» айдарымен «Жалын» баспасы шығарған «Құлагер» /1979ж./ және «Шәутеннің шәркейі» /1986ж./ кітапшалары кішкентай оқырмандарының сүйікті серігіне айналыр отыр.
Ілияс Жансүгіров балаларды табиғатпен, әсемдікпен, әлем сулулығымен таныстыруға «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз», «Қыс» өлеңдерін ұсынып, табиғат тамашасымен таныстырумен қатар, жылдың төрт мезгілінде болатын құбылыстарды үйретіп, әр маусымдағы адам еңбегін көркем суреттейді.
Ағартушы-ақын жас жеткіншектерге арнап жазған жырларында танымдық, тағылымдық түсінігін, түйсігін арттыруда. Ұғымталдыққа, зеректікке, әсемдікке тәрбиелеп, сөз мәдениетіне үйретуді, алғырлыққа баулуды мақсат етіп тәрбиелейді. Мысалы, «Қазақ үйдің тұрмысы» деген өлеңінде:
Ақ үйге алты қанат келсем кіріп,
Босаға, маңдайша мен табалдырық.
Кереге алты жапсар, алпыс уық,
Шаңырақ күлдіреуіш оған жуық.
Құр таңғыш, басқұр, арқан екі аяқ бау,
Төрт ірге, есік жабық, ши туырлық,-
дей келіп:
Басқа түрлі жабдығын санай алмай,
Сыртқы үздігін көрмекке кеттім шығып,-
деп аяқтайды. Осы өлең жолдарынан қазақ үйдің қандай болатынын, яғни, оның босаға, маңдайша, кереге, шаңырақ деген бөлшектерден тұратынын балаларға анықтап, түсіндіре білудің көркем амалын көреміз.
Баланы жан-жақты дамытудың тиімді жолы — айналасындағы қоршаған ортамен таныстыру. Олардың бойындағы табиғатқа, жан-жануарларға, адамзатқа, соның ішінде құрбы-құрдастарына деген сүйіспеншілігін арттырамыз.
Халықта «Көп баланың арасындағы шал бала болады, көп шалдың арасындағы бала дана болады» деген тамаша мақал бар. Осы мақалдың мағынасына зер салсақ, тәй-тәй басып, былдырлап сөйлеген бүлдіршінің айтқан тақпағын, жасаған қылығына қызығып қарамайтын жан болмас. Өйткені, өзінің балғын дәуренін, ана сүтімен сіңген әнін, бүкіл ой-санасымен біте қайнасып, бірге өскен баланың өлең-жырларын сағынбайтын, елжіреп еске алмайтын адам болмайды.
«Білім шапағаты» сайтынан